Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

6

Күн
Дунгань, Қытай

ШЫҰ марафонында Өзбекстан мен Беларусь атлеттері қол ұстасып жеңімпаз атанды

27.08.2017

139
ШЫҰ марафонында Өзбекстан мен Беларусь атлеттері қол ұстасып жеңімпаз атанды

Астанада өтіп жатқан ШЫҰ марафонының 42 шақырымдық жарысы әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, мәреге жеткен жүлдегерлер белгілі.

Ерлер арасында бас жүлденің кімге берілетіні әлі белгісіз. Өйткені, мәре сызығын Өзбекстан атлеті Андрей Петров пен беларус Владислав Прямов қол ұстасып, қатар қиды. Үшінші орынды Қырғызстаннан келген желаяқ Илья Коробивший жеңіп алса, марафонның басты фавориті саналған кениялық «қара маржан» Тайтус Тувей төртінші болып жетіп, үздік бестікті қазақстандық Андрей Лейменов қорытындылады.

Ерлер арасындағы жарыс өте тартысты өтті. Бірден қамшы салған Тайтус Тувей басты бәсекелестерінен алға шыққан. Алайда, Петров пен Прямов кениялықты ұзатпай, көз алдында ұстап отыруға тырысты. Алайда, 30-шы шақырымнан кейін аяғы тартылды ма, Тувей ақырындап жылдамдығын бәсеңдете берді. Нәтижесінде оны өзбек пен беларус басып озды. Көрсеткіштері де керемет. Мәре сызығын 2 сағат 18 секундтың ішінде қиып өтті. Айта кетейік, Ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша, 42 шақырымды 2 сағат 20 минуттың ішінде қиып өткен жеңімпазға 13 мың АҚШ доллары берілуі тиіс. Енді оның қалай бөлінетіні әзірге белгісіз. Сәл кейінірек анықталады.

– Олардың жылдамдығына ілесе алмағаныммен бәсекелестерімді көз ұшымда ұстауға тырыстым, - деді жарыстан соң қазақстандық Андрей Лейменов. – Төртеуі менен 150 метрдей қашықтықта болды. Бір кезде 30-шы шақырымнан кейін Тувейдің бәсеңси бастағанын байқадым. Қуып жетейін деп едім, алайда шамам келмеді.

Қыздар арасындағы жарыста бас жүлде қырғызстандық Виктория Полюдинаға бұйырды. Екінші орынды Өзбекстаннан келген желаяқ қыз Марина Хмелевская еншілесе, үздік үштікті жерлесіміз Гүлжанат Жанатбек қорытындылады.

– Көрсеткішіме көңілім толады. Өйткені, үлкен жарыстарға енді ғана қосылып жүрмін. Келесі марафондарда бас жүлдені жеңіп алуға тырысамын, – деп ағынан жарылды Гүлжанат Жанатбек.

ШЫҰ МАРАФОНЫ

42 шақырым (ерлер)

1-2-ші орындар: Андрей Петров (Өзбекстан) және Владислав Прямов (Беларусь)

3-орын: Илья Тяпкин(Қырғызстан)

42 шақырым (қыздар)

1-орын: Виктория Полюдина (Қырғызстан)

2-орын: Марина Хмелевская (Өзбекстан)

3-орын: Гүлжанат Жанатбек (Қазақстан)

Тізімге қайта оралу