Шымкентте Олег Сакиркинді еске түсіруге арналған республикалық турнир өтіп жатыр
Бек Төлеуов  

Шымкентте Олег Сакиркинді еске түсіруге арналған республикалық турнир өтіп жатыр

Бүгін, 22 желтоқсан күні Шымкентте үш қарғып секіруден 1987 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Олег Сакиркинді еске түсіруге арналған республикалық турнир басталды.

Республикалық турнир Шымкент қаласындағы  жеңіл атлетика манежінде өтіп жатыр. Жарыс екі күнге жалғасады. Қатысушылар 10 сайыс бойынша сынға түседі. Яғни ерлер мен әйелдер 60, 200, 400, 800, 1500, 3000 метрге жүгіру, 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, ұзындыққа, биіктікке және үш қарғып секіру бойынша өнер көрсетеді. Қатысушылардың дені Оңтүстік Қазақстан облысынан. Сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Алматы облысының спортшылары да келген. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы естелік медальдар, диплом және ақшалай сыйлық күтіп тұр. Басты сыйлық ерлер арасындағы үш қарғып секірудің жеңімпазына беріледі. Өйткені Олег Сакиркин кезінде жеңіл атлетиканың осы сайыс түрінен өнер көрсеткен.

Айта кетейік, Олег Сакиркин өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы еліміздегі үш қарғып секірушілердің бірі болды. Вадим Антипов және Михаил Ганнота секілді тәжірибелі мамандардан тәлім алған. 1987 жылы Римде өткен әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген. Жабық кешендегі Еуропа чемпионатының жеңімпазы. Азия ойындары, Азия чемпионаты, дүниежүзілік студенттер универсиадасында талай мәрте Қазақстан қоржына олжа салды. Ең үздік нәтижесі – 17, 58 метр (1989 жылы). Бұл көрсеткішті Қазақстанда әлі күнге ешкім жаңартқан жоқ.

Олег Сакиркин 2009 жылы америкалық мәнерлеп сырғанаушы Шарон Приспен отбасын құрып, бірнеше жыл АҚШ-тың Техас штатында тұрды. 2014 жылы Шымкентке оралды. Бірақ арада 1 жыл өткенде 2015 жылдың наурыз айында 49 жасында дүниеден өтті.  

Тізімге қайта оралу