Сырықпен секіруде ел чемпиондары анықталды

13.06.2017

84
Сырықпен секіруде ел чемпиондары анықталды Алматылық атлет Никита Филиппов ел чемпионы атанды

Алматыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында сырықпен секіруде ел чемпиондары анықталды. Қыздар арасында алматылық Анастасия Ермакова топ жарса, жігіттерде Никита Филипповтен биік секірген ешкім болмады.

Қазақстан чемпионатына төрт-ақ қыз тіркелген екен. Төртеуі де алматылық арулар. Ярослава Вислобокова 3.20 метрден бастап, бірінші мүмкіндігінде-ақ еңсерген. Өзгелері 3.40 метрден бастауды жөн көріпті. Осынысы үшін Полина Иванова өкініп те қалған шығар. Өйткені, үш мүмкіндігінде де еңсере алмай, жүлделі орындардан қағылды. Рас, Вислобокова да 3.20 метрмен тоқтаған. Бірақ, соның өзі де оның қола жүлдегер атануына септігін тигізді. Ал қыздар арасында сырықпен секіруде ел чемпионы Анастасия Ермакова атанды. Оның нәтижесі – 3.70 метр.

Сырықпен секіру (қыздар)

1. Анастасия Ермакова (Алматы) – 3,70 м

2. Яна Тойбаева (Алматы) – 3,40 м

3. Ярослава Вислобокова (Алматы) – 3,20 м

Қайта жігіттер арасында бәс жоғары екен. Ел чемпионатына қатысуға 10 атлет өтініш білдірген. Бірқатары халықаралық ареналарда жүлде салып жүрген тәжірибелі спортшылар. Бірақ, өкінішке қарай, басты фавориттердің бірі Сергей Григорьев ескі жарақатына байланысты соңғы сәтте чемпионаттан бас тартты. Әйтпесе, жақында мамыр айында өткен Пусандағы халықаралық турнирдің жеңімпазы ел біріншілігінде де жеңіске жетер ме еді? Өйткені, Оңтүстік Кореяда Григорьев 5.65 метрге секірген болатын. Ал Қазақстан чемпионы атағы бұл жолы 5.40 метрді еңсерген алматылық Никита Филипповке бұйырды. 5.30 метрді бағындырғаннан кейін-ақ Никитаға қарсылас қалмаған. Өйткені, соңғы бәсекелесі Данил Полянский 5.20 метрмен тоқтаған еді. Дегенмен, Филиппов үшін де бұл көрсеткіш биылғы жылдың жеке рекорды емес. Айта кетейік, өткен аптада «Түркия ашық лигасына» қатысқан алматылық атлет 5.50 метрмен сол турнирдің жеңімпазы атанған болатын. Бұл жолы 5.40-тан кейін 5.55 метрге тапсырыс берген еді. Алайда, ескі жарақаттары кедергі болып, бұл биіктікті үш талпынса да еңсере алмады.

Сырықпен секіру (ерлер):

1. Никита Филиппов (Алматы) – 5,40 м

2. Данил Полянский (Қарағанды) – 5,20 м

3. Силантий Гилев (Алматы) – 4,80 м

Тізімге қайта оралу