ТМД мен Орта Азиядағы ең ауқымды кәсіпқой марафон
279

ТМД мен Орта Азиядағы ең ауқымды кәсіпқой марафон

Ертең яғни 27 тамызда елімізде ғана емес, ТМД және Орта Азиядағы ең ауқымды кәсіпқой марафоны өтеді. Осыған байланысты бүгін Астанада қорытынды баспасөз мәслихаты өтіп, Ұйымдастырушылар комитеті дайындықтың соңғы жаңалықтарымен бөлісті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара ықпалдастық дәне сенім шаралары жөніндегі кеңестің аясында өтетін марафонның баспасөз мәслихатына еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы Рашид Әлімов, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің атқарушы директоры Гун Цзяньвей және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенеті Эльдар Табанов қатысты.

– ШЫҰ марафонына төрт құрлықтың барлығы 20 елінен 5 600 спортшы қатысады. Олардың арасында әуесқой жүгірушілерден бөлек, кәсіпқой марафоншылар бар. Жарыс үш қашықтыққа бөлінген. 42 шақырым, 10 км және «Экспо-2017» көрмесінің құрметіне орай, 2017 метрлік қашықтықтар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. 42 шақырымда алғашқы тоғыз орынға жүлде бар. Бұл марафон бұдан былай елордамызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жыл сайын өтіп тұратын болады, - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мәдениет және спорт министрінің өзі 10 шақырымға жүгіреді екен. Мұны ол «42 шақырымға жүгіргім келген. Дегенмен, ол қашықтықта бірінші болып келмесім белгілі. Ал хаттама бойынша мен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттауым қажет. Сондықтан, 10 шақырымды таңдадым», - деп жасырмай айтты. Сондай-ақ, атқамінер азаматтарымыздан Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың 42 шақырымға, Ақпарат және Байланыс министрі Дәурен Абаевтың 10 километрге жүгіретіні белгілі болды. Бұлардан бөлек, марафонға Қазақстан Банктерінің даму басқармасының төрағасы Болат Жәмішев те қатыспақ көрінеді.

– Бұл марафонның елімізде өтетін өзге марафондардан басты ерекшелігі – 42 шақырымға жүгірген кәсіпқой спортшылардың нәтижелері Халықаралық жеңіл атлетика федерациясында есепке алынады. Трассасы ІААF сертификациясынан өткен жалғыз марафон, - Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Эльдар Табанов.

Марафонның сөресі «MEGA SILK WAY» ойын-сауда орталығынан басталып, мәресі де сонда аяқталады. Бүгін және ертең ол жерде отбасылық концерттер мен мерекелер ұйымдастырылмақ. Бастапқы шаралар басталып та кетті. Дәл қазір марафонға тіркелгендер «МЕГА» аумағында орналасқан Ұйымдастыру комитетінің шатырларынан марафонға арналған пакеттерін алып жатыр.

– Көктемге Астанаға келгенімде қаланың көркіне тамсанып, таңдайымды қағып қайтқанмын. Елорданың барлық көрнекті көшелерін жаяу аралаған шығармын. Сол кезде мұнда міндетті түрде марафон өтіп, сол арқылы Астананы әлем тануы тиіс деп ойлағанмын. Міне, сол күнге де жеттік. ШЫҰ марафонынан Орта Азия мен ТМД-ның ең ірі ақпарат агенттіктері репортаждар жасайды. Мәселен, бір ғана «Женьмин Жибао» ақпарат агенттігі арқылы бір мезетте бұл шара туралы Азияның 4 миллион адамы жаңалық ала алады, - деді ШЫҰ төрағасы Рашид Әлімов.

Естеріңізге сала кетейік, 27 тамыз күні өтетін марафонға тіркелім аяқталды. Әу баста 5 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланғанымен қатысуға ниет білдіргендердің саны 5600-ге жетіп жығылды. Тіркеуден өткен қатысушыларға бастапқы пакеттер таратылып жатыр. Оны алу үшін халықаралық EXPO көрмесінің MEGA SILK WAY сауда орыны жағындағы автотұрағына келу қажет. Аталмыш шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясы және «Шанхэ» Юньнань мәдениет және спорт компаниясы бірігіп өткізеді.

 

Тізімге қайта оралу