Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

6

Күн
Дунгань, Қытай

Түркияның әзірбайжаны бүкіл әлемді таң қалдырды!

11.08.2017

Нұрғазы САСАЕВ  
599
Түркияның әзірбайжаны бүкіл әлемді таң қалдырды! 200 метрлік қашықтықтағы жаңа әлем чемпионы – Рамиль Гулиев. Фото: iaaf.org

Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионатында Түркияның намысын қорғайтын әзірбайжан жігіті 200 метрлік қашықтықта жеңімпаз атанып, көпшілікті тәнті қылды.

Рамиль Гулиев 200 метрлік қашықтықта әлем чемпионы атанып, бүкіл әлемді таң қалдырды. Соңғы жылдары бұл қашықтықта АҚШ немесе Ямайка дүлдүлдері топ жарып жүретін. Ал кеше бұл елдің жарық жұлдыздары тіпті жүлдеге іліге алмады. 2003 жылдан бері қысқа қашықтықтарда мұндай жағдай мүлде болмаған...

АҚШ немесе Ямайка желаяқтары осыдан 14 жыл бұрын 100 метрлік қашықтықта жүлдесіз қалған еді. Енді, міне, Лондонда 200 метрде үштікке іліге алмады. Кеше Гулиев чемпион атанып, Уэйд Ван Никерик (Оңтүстік Африка Республикасы) күміс, ал Джерим Ричардс (Тринидад және Тобаго) қола жүлдеге ие болды.

Лондондағы 200 метрлік бәйгеге әлем рекордшысы Усейн Болт қатысқан жоқ болатын. Ал биыл осы қашықтықта ең үздік нәтиже көрсеткен Исаак Маквала (Ботсвана) Лондонға келгелі біраз қиындықтарға тап болды. Басында оны 200 метрлік бәйгенің жартылай финалына қатыстырмады. Себеп – инфекция жұққан...

Бірақ ол емделіп, өзінің дін аман сау екендігін дәлелдеп, орасан зор күшпен өз бағын сынап көруге мүмкінді алды. Толассыз құйып тұрған жаңбырдың астында жалғыз өзі жүгірді. Өйткені, жартылай финалдық іріктеу жарыстары өтіп кеткен. Сөйтіп, финалда бақ сынауға құқық беретін уақыттан да жоғары нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарына соңғы сәтте қосылды. Ертеңінде финалда жүгіріп, жүлдеге іліге алмады. 30 жастағы спортшы тынығып үлгермегендігін мойындады.

Сөйтіп, Рамиль Гулиевтің бағы жанып, алдына жан салмады. Рас, финалдағы желаяқтардың көрсеткіштері аса жоғары болмады. Мәселен, жеңімпаздың уақыты – 20,09 секунд. Ал әлем рекорды – 19,19. Халықаралық жарыстардағы жеңімпазар 20 секундқа жеткізбей топ жарып жүретін. Әйтсе де, бұл Түркияның – жеңіл атлетикадан әлем чемпионатарындағы алғашқы алтыны! Яғни Гулиев – Түркиядан шыққан бірінші әлем чемпионы (жеңіл атлетикадан).  

Түйін

Жалпы, «қысқа қашықтықтарда Ямайка мен АҚШ желаяқтарына жету мүмкін емес» деген ойдан арылу керек. Мысалы, кеше 200 метрден әйелдер арасындағы жартылай финалдық жарыстар өтті. Финалға осы қашықтықты 22,85 секундта жүгіріп өткен екі қыз да шықты.

Ал біздің Виктория Зябкина Қазақстан кубогында 200 метрді 22,81 секундта жүгіріп өткен. Яғни, жарақаты болмағанда, дайындығы жақсы болса, біздің Виктория да финалға іліге алатын еді. Оған әлеуеті жететін сияқты. Енді тек шүмектетіп тер төгу керек.

Тізімге қайта оралу