Усейн Болтты Мұхаммед Әлиге теңеді 100 м. Финал. Фото: iaaf.org
Нұрғазы САСАЕВ  

Усейн Болтты Мұхаммед Әлиге теңеді

Кеше түнде Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионатында Ямайканың мега жұлдызы Усейн Болт 100 метрлік қашықтықта қола жүлдені қанағат тұтты...

ХVІ әлем чемпионатының қарсаңында өткен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының Конгресінде ұйымдастырушылар баяндама жасаған болатын. Сонда олар өздерінің бейнероликтерін «заманымыздың екі дүлдүлі Лондондағы бүкіләлемдік біріншілікте спорттық карьераларын аяқтайды, олар көрермендермен осы жерде қоштасады» деп аяқтады. Соның бірі Усейн Болт болатын.

Бірақ Конгреске қатысушылардың көбісі Ямайка жұлдызының спортпен қоштасатындығына мүлде сенбейтіндерін білдірді. Бізге олар жеңіл атлетиканы Усейн Болтсыз көз алдарына елестете алмайтындай болып көрінді. Ешкім де оның кеткенін қаламайтын сияқты. Қалай? Әлемдегі алпауыт телеарналардың бәрі соның соңынна жүгіріп, жеңіл атлетиканың абыройы асқақтап тұрған жоқ па?

Негізі, Усейн Болт спортық карьерасын Рио Олимпиадасынан кейін тәмамдағысы келген. Бірақ демеушілері де, басқалар да мұны қаламаған. Өйткені, Болтсыз жеңіл атлетиканың сәні кетіп қалмай ма?! Қазір де оған «кетпе!» деп өтінушілер көп, өте көп. Бірақ өзі «менің дене құрылысым енді доғару керектігін меңзейді» депті.

Негізі, Усейн Болт соншалықты егде де емес. 21 тамызда 31-ге толады. Мысалы, кеше одан озып кетіп, саф алтынды қақшып кеткен Джастин Гэтлин – 35-тен асты (тура алты айдай). Қарап отырсаңыз, 31 жас деген не тәйірі. Бірақ бұл – Болт. Мамандардың сөзімен айтсақ, ешқашан допинг қолданбайтын тума талант.

Болт кеше қола жүлдені қанағат тұтса да, стадион толы көрермен оған орындарынан тік тұрып қошамет көрсетті. Ол өз кезегінде жеңіл атлетика көрермендерімен қоштасқандай болды. «Әрине, чемпион атанып, өз карьерамды алтын “нүктемен” тәмамдағым келді. Бірақ бұл – спорт. Әрі сөреден шыққанда...» деп қынжылды, даңқты желаяқ.

Рас, ол сөреден шыққанда бәсекелестерінен біршама қалып қойды. Бұған дейін 100 метрлік қысқа қашықтықта оларды басып озып, мәре сызығын ақсиған күлкісімен қиып өтетін. Ал кеше біз оның сол күлкісін көрмедік...

Кеше түннен бері дүние жүзі Усейн Болттың 100 метрлік қашықтықта алтын ала алмай қалғанын жазып жатыр. Бірақ, барлығы дерлік, оның осы қола жүлдесін саф алтыннан асыра дәріптеп жатыр. Ал IAAF сайты Ямайканың мега жұлдызын спорттағы тарихи тұлға ретінде былтыр ғана дүниеден озған, марқұм Мұхаммед Әлимен бір қатарға қойыпты

100 метр. Финал. Лондон - 2017.



Тізімге қайта оралу