Үш спортшымыз Германиядағы халықаралық додада жеңіске жетті

Үш спортшымыз Германиядағы халықаралық додада жеңіске жетті

Жақында жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың және Altay athletics клубының үш спортшысы Германияда өткен халықаралық жарыста жеңіске жетті.

Германияның Рёде қаласында ерлер арасында 400 метрге жүгіруден Михаил Литвин мен биіктікке секіретін Надежда Дубовицкая өнер көрсетті.

Литвин финалдық кезеңде аталған қашықтықты 46.16 секундта жүгіріп өтті. Бұл оның спорттық карьерасындағы ең үздік көрсеткіштерінің бірі. Жеке рекорды – 46.08 сек (2015 жылы). Жерлесіміз үштікке ілінген екі қарсыласынан айтарлықтай озып кетті. Мысалы, екінші орындағы Флориан Викенің уақыт көрсеткіші – 47.82 секунд болса, қола жүлдегер Нико Менцель мәреге 47.95 секундта жетті.

Надежда Дубовицкая 1.80 метрге секірді. Жарысты негізі 1.70 метрмен бастады. Одан кейін 1.73, 1.76, 1.80 метрлерді бағындырды. Бірақ 1.85 метрге үш талпынып көргенімен, барлығы да сәтсіз аяқталды. Екінші және үшінші орынды жергілікті спортшылар – Юлия Хейдингер (1.73 м) мен Карлотта Верман (1.67 м) өзара бөлісті.

Әйгерім Шыназбекова Падеборн қаласындағы жарысқа қатысты. Жерлесіміз «International Pader – Leichatletik Meeting» турнирінде 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден жеңіске жетті. Әйгерім іріктеу кезеңінде 13.54 секундпен аяқтаса, финалда 13.55 секундтық нәтиже көрсетті. Екінші орындағы неміс қызының уақыт көрсеткіші – 13.66 секунд. Үштікті Виктория Мюллер (14.30 сек.) қорытындылады. 

Тізімге қайта оралу