Қыздарымыз эстафетаға дайындалып жүр Қыздарымыз жаттығу кезінде
Нұрғазы САСАЕВ  

Қыздарымыз эстафетаға дайындалып жүр

Ертең ХVІ әлем чемпионатында әйелдер арасындағы 4х100 эстафетасының іріктеу жарыстары мен финалдық бәйгесі өтеді.

Сенбі күні таңертең, Лондон уақытымен 10:35-те (Астана уақытымен – 15:35-те) әйелдер арасындағы 4х100 эстафетасының іріктеу жарыстары басталады. Ал кешкісін, яғни жергілікті уақытпен 21:30-да (бізде жексенбіге ауған түні – 02:30-да) финалдық бәйгесі өтеді.

Қазақстан құрамасының қыздары эстафета жарысына әзірше екіге бөлініп, дайындалып жүр. Себебі 200 метрлік бәйгенің іріктеу жарысында жарақаты сыр беріп, көңілге қонымды нәтиже көрсете алмаған Виктория Зябкина жеке бағдарлама бойынша әзірленуге мәжбүр.

Жартылай финалға шыға алмағанына Викторияның өзі де күйініп, әлі жабырқап жүр. Енді, бірінші кезекте жарақатын ушықтырып алмай, тезірек айығу керек. ҚР жеңіл атлетика федерациясының Спорттық директоры Александр Кощеевтің айтуынша, сондықтан күнде массаж бен ине терапиясына барып, содан кейін жеңіл-желпі жаттығулар жасайды.

Ал қалған бес қызымыз, атап айтқанда, Ольга Сафронова, Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Юлия Рахманова, Анастасия Тулапина «Олимпиадалық» стадионның қосалқы алаңында жаттығып жүр. Біз олармен бірге барып, жаттығу жұмыстарын бастан-аяқ көрдік.

Қыздарымыз жүгірді де, әр түрлі жаттығулар да жасады. Содан кейін жүйткіп келе жатып, эстафета таяқшасын жерге түсіріп алмай, бір-біріне беруге көп көңіл бөлді. Бұл бесеуінің сапында да жарақатынан толық айығып кетпегендері бар. Сол себепті, кейбір қыздарымыз өздеріне көп жүктеме түсірмей, жаттығуға тырысты.

Қалай боларын, ертең іріктеу жарысы кезінде көреміз. Ал қыздарымыз өздеріне артылған жауапкершілік жүгін сезінетіндей. Тырысып жүр. Бақтары да, баптары да қатар шапсын деп тілейміз.

Тізімге қайта оралу