XXVIII Ғ.Қосанов Мемориалы» халықаралық жарысы

Есептегіш

11

Күн
Алматы

Виктория Зябкина биылғы маусымда Азия құрлығындағы додалардан 8 алтын жеңіп алған

25.09.2017

Бек Төлеуов  
265
Виктория Зябкина биылғы маусымда Азия құрлығындағы додалардан 8 алтын жеңіп алған ФОТО - Данияр Майлыбаев

Еліміздегі дәл қазіргі таңдағы ең үздік спринтер Виктория Зябкина биылғы маусымда Азия құрлығы бойынша өткен жарыстардан 7 алтын жеңіп алыпты.

25 жастағы атлет алдымен сәуір айында Азия Гран-приіне қатысты. 100 метрге жүгіруден үш кезеңде де ешкімге дес берген жоқ. Сондай-ақ соңғы үшінші кезеңде командаластарымен бірге эстафеталық жүгіруден төртінші алтынын еншіледі Нәтижесі төмендегідей:

1-кезең

100 метр – 11,44 сек

2-кезең

100 метр – 11,36 сек

3-кезең

100 метр – 11,34 сек

4х100 м эстафета – 43,40 сек.

3 маусым күні Бразилияның Сан-Бернардо-ду-Кампо қаласында өткен Гран-приге қатысып, жүлделі оралды.Қазақстандық жеңіл атлет 200 метрге жүгіріп, мәреге екінші келді. Ал бас жүлде жергілікті спортшы Витории-Кристине Розеге бұйырды. Жас атлет өзінің жеке рекордын орнатып, аталған қашықтықты 23.09 секундта жүгіріп өтті. Ал Зябкина мәреге 23.25 секундта жетті. Үшінші орын тағы бір бразилиялықтың еншісінде  (Росанхелла Сантос, 23.48 секунд).

Одан кейін Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, тағы да хет-трик жасады. Бұл жолы құрлық біріншілігінде 100 және 200 метрден, сондай-ақ командалық эстафетадан топ жарды.

Сары құрлықтың додасында жерлесіміз 7 шілде күні 100 метрге жүгірді. Бұл қашықтықты 11,39 секундта жүгіріп өтіп,алғашқы алтынын еншіледі. Сосын 8 шілде күні Рима Кашафутдинова (Қарағанды), Светлана Голендова (Тараз), Ольга Сафроновамен (Павлодар) бірге  4х100 бойынша командалық эстафетадан жеңіске жетті. Ал Азия чемпионатының соңғы күнінде 200 метрдің де алтынын қанжығасына байлады. Сөйтіп, қазақстандық атлет үш алтынға қол жеткізген осы чемпионаттағы жалғыз спортшы болды.

Өкінішке қарай, Лондондағы әлем чемпионаты мен Тайпэйдегі Универсиада ойындарында үздіктер қатарынан табылмады.

Есесіне, биылғы маусымның соңғы жарысы Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында 60 метрге жүгіріп, жеңіске жетті. Сарықұрлықтың үздік атлеті аталған қашықтықты 7,32 секундта жүгіріп өтті.

– Маусым ұзаққа жалғасты. Шаршағанымыз байқалып жатыр. Қазіргі кезде ең бастысы демалу және денсаулықты күту. Қазан айында ұлттық құрама Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізбекші. Бірақ мен ол жаққа бармай, емдеу-сауықтыру курсынан өтетін шығармын. Жаңа маусымға барлық жағынан дайын болып келу керек. Әрине, Азия құрлығындағы додаларда жеңіске жеткен жақсы. Алайда әлемдегі деңгейде сайыстарда жүлде алатындай мүмкіндікке ие болғым келеді,– дейді спортшы. 

Тізімге қайта оралу