Виктория Зябкина биылғы маусымдағы үздік нәтижесін көрсетті Фото Константин Князевич

Виктория Зябкина биылғы маусымдағы үздік нәтижесін көрсетті

Бүгін Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» басталды.

Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері өнер көрсеткен 100 метрге жүгіруден қыздар арасында еліміздің дәл қазіргі таңдағы үздік спринтері Виктория Зябкина чемпион атанды. Бізді қуантқаны, 25 жастағы атлет финалда осы маусымдағы үздік нәтижесін тіркеді. Ол 100 метрді 11.20 секундта жүгіріп өтті. Тіпті, 2017 жылы отандасымыз бұлай жылдам жүгірмеген. Зябкинаның Азия ойындарының алдындағы қарқыны қуантты.

Зябкинаның жеке рекорды 2016 жылы тіркелген (11.15). Бүгін сол рекордына жақын болды.

Екінші орынға қарағандылық Рима Кашафутдинова ие болса, үздік үштікті Әзірбайжаннан келген Фахрия Тагнизаде қорытындылады.

Әу баста фавориттердің бірі саналған тағы бір әзірбайжандық атлет Закия Гасанова фальстарт болып, жүгіре алмады.

Жеңімпаз атанған спортшыға 100 АҚШ доллары көлемінде сыйақы табысталды. Екінші және үшінші орындарға тиісінше 700 және 500 доллар берілді.

«XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы». Алматы. 100 метрге жүгіру.

Әйелдер:

1. Виктория Зябкина (Алматы) – 11.20

2. Рима Кашафутдинова (Қарағанды обл.) – 11.98

3. Фахрия Тагнизаде (Әзірбайжан) – 12.08.

Тізімге қайта оралу