Виктория Зябкина Galà dei Castelli турниріне қатысты Фото – Константин Князевич

Виктория Зябкина Galà dei Castelli турниріне қатысты

Еліміздегі ең үздік спринтерлердің бірі алматылық Виктория Зякбина 18 шілде күні Швейцариядағы халықаралық «Гала деи Кастелли» (Gala dei Castelli) жарысында 100 метрге жүгіруден бақ сынады.

Беллинцона қаласында өткен турнирде 100 метрге жүгіруден әйелдер арасында жалпы саны 12 спортшы жиналған. Оларды екі топқа бөліп жүгіртті. Өзі Беллинцонадағы жүгіру жолағы тек алты адамға арналған екен.

«А» тобында 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, шыққан тегі африкалық Муджинги Камбунджи үздік шықты. Спортшы Швейцарияда бала күнінен Швейцарияда өскен. Ол мәреге 11.13 секундта жетіп, бірінші орын алды. Бұл топта екінші орын 2008 және 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, 2009-2015 жылдар аралығында 8 дүркін әлем чемпионы атанған ямайкалық Шелли-Энн Фрейзерге бұйырды (11.15). Үштікті америкалық желаяқ Аалия Браун қорытындылады (11.18).

«В» тобында АҚШ-тан үш, Швейцариядан екі атлет және қазақстандық Виктория Зябкина жүгірді. Олардың арасында үздігі АҚШ спортшысы Джиниба Тармох болды (11.19). Қалған спортшылар Тармохтан айтарлықтай қалып қойды. Мысалы, тағы бір АҚШ спортшысы Бритни Браун мәреге11.40 секундта жетсе, жергілікті Саломи Корда оған жобалас болды (11.41). Төртінші және бесінші орынды Канадаки Хилл (11.43) мен Виктория Зябкина (11.44) өзара бөлісті.

Айта кетейік, бұл жарысқа танымал жұлдыздардан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 4х100 метрлік эстафетадан 2009 жылы әлем чемпионы, 100 метрге жүгіруден әлемнің экс-рекордсмені ямайкалық Асафа Пауэлл мен 2004 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 4 дүркін әлем чемпионы америкалық Джастин Гэтлин қатысты. 

Тізімге қайта оралу