Жарыс алдында табылған «жол жүгі»
225

Жарыс алдында табылған «жол жүгі»

Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасы жабық кешендегі Азия чемпионатына қатысуы үшін Тегеранға Алматы-Стамбұл бағытымен ұшып келген болатын.

Иран астанасына спортшылар 29 қаңтар күні келіп жетті. Алайда ұшақтың багажында 13 жол жүгінің жоқ екені анықталды. Оның арасында жарыс кезіндегі қажетті екі сырық, массаж жасауға арналған тақтай төсек және 9 шабадан бар болып шықты. Қажетті заттарды іздеуге 1,5 күн уақыт кетті. Кеше қуанышқа орай, спортшылардың жүктері табылып, өздеріне қайтарылды.

Осы уақыт аралығында қазақстандық жеңіл атлеттер бұл тығырықтан шығудың жолын іздеді. Сырықпен секіруден басты үмітіміз Никита Филиппов Ирандағы танысына хабарласып, өзіне қажетті сырықты тауып алды. Ал ядро серпуші Иван Иванов үшін аяғына киетін кроссовки проблема болатын. Өйткені оның аяғы өте үлкен. Сондықтан кез келген аяқ киім үйлесе бермейді. Қазақстан спортшылары арасында ешкімнің кроссовкиі Иванға келмейтін болып шықты.

– Мен тек өзіміздің спортшылардан ғана емес, жарысқа келген барлық ядро серпушілердің аяқтарының өлшемдерін сұрап шықтым. Ешқайсысына аяғының өлшемі маған жетпейді екен. Манеждің қасында орналасқан бір дүкендегі ең үлкен деген кроссовкидің өзі менікінен 2-3 өлшемге кіші. Заттарым келмесе, осылардың біреуін сатып аламын деп ойлаған едім, абырой болғанда заттарымыз табыылып, қуанып отырмын», –дейді спортшы.

Ұлттық құраманың команда басшысының арқасында жол жүгі дер кезінде табылып, спортшылар қуанып қалды. Енді атлеттерден тек жүлде мен жеңіс күтеміз. 

Тізімге қайта оралу