Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты – Земс, Ерғазы үздіктер қатарында

21.02.2018

101
Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты – Земс, Ерғазы үздіктер қатарында

Өскемен қаласында  жеңіл атлетикадан 23 жасқа дейінгі жабық кешендегі Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Назарларыңызға алғашқы жарыс күніндегі ерлердің арасындағы сайыстардың нәтижелерін ұсынамыз.

Спринтерлердің жарысында яғни 60 метрге жүгіруден қарағандылық Виталий Земс топ жарды. Ол мәреге 6.95 секундта жетті. Екінші орында –Астанадан келген Артем Сомов. Елордалық спортшы Земстан 0.13 секундқа қалып қойды. Үштікте тағы бір қарағандылық Александр Киселев бар (7.11 секунд).

21 спортшы 400 метрге жүгірді. Олардың арасынан ең жылдамы – Виктор Рябов болды. Павлодардан келген спортшының уақыт көрсеткіші – 49.98. Тұғырға көтерілген арасында сондай-ақ Руслан Никитин (Алматы) мен Сергей Сухов (Қарағанды облысы) бар.

1500 метрге жүгіргендердің финалы аса тартысты өтті. Алғашқы үштік мәреге бір-бірімен иін тіресіп жетті. Үздігі с 21 жастағы Әнуар Ерғазы (Алматы) болды. Одан кейінгі орындарды Саид Сулайманов (ОҚО) пен Вячеслав Чувяков (Қостанай) өзара бөлісті.

Ұзындыққа секіруден 24 жастағы Ринат Қайсаров та жарысып көрген болатын. Оның нәтижесі хаттамаға тіркелмейді. Бірақ соған қарамастан Қайсаров 6.86 метрмен тек бесінші орыннан көрінді. Ал негізгі үштікке келетін болсақ, бірінші орын қарағандылық Василия Копейкоға бұйырды (7.04 м). Екінші орында – Евгений Киселев (СҚО). Оның көрсеткіші – 6.97 метр. Үштікті маңғыстаулық Әділ Рахмет (6.96 м) қорытындылады.

Тізімге қайта оралу