Зябкина мен Сафроноваға кімдер қарсылық көрсетуі мүмкін?
264

Зябкина мен Сафроноваға кімдер қарсылық көрсетуі мүмкін?

Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында өтетін жабық кешендегі Азия ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Осы ретте Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясының порталы еліміздің намысын қорғайтын атлеттерді таныстыруды әріқарай жалғастырады.

Әйелдер арасында спринтерлік сайыс 60 метрге жүгіруден ел намысын Виктория Зябкина мен Ольга Сафронова қорғайды.

Екеуі де дәл қазіргі таңда еліміздің ғана емес, Азияның үздік жеңіл атлеттері. Ольга мен Виктория бұған дейін жабық кешендегі Азия ойындарына қатысып көрмеген. 4 жылда өтетін додада қос спортшы алғаш рет өнер көрсеткелі отыр.

Турнирдің ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек,  әйелдер арасында 60 метрге жүгіруден 28 спортшы тіркелген. Олардың арасында Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойындарына қатысқан атлеттер бар. Сондай-ақ жаңадан өсіп келе жатқан жас таланттар да қатыспақшы. Мысалы, Қытай құрамасы 17 жастағы  Фен Лулу мен Гон Люинді тіркеген.

Ал негізі бәсекелестік қазақстандық Виктория Зябкина, Ольга Сафронова және үндістандық Дьюти Чанд арасында болуы мүмкін. Өйткені үшеуі де соңғы жылдары құрлықтық додаларда озып жүр. Мысалы, Чанд өз елінде мамырда 100 метрді 11, 30 секундта жүгіріп өткен. Тиісінше, Зябкинаның осы маусымдағы үздік уақыт көрсетіші – 11, 33 секунд, Сафроновада – 11, 37 секунд.

Дегенмен қазақстандық қос атлет Чандты биылғы маусымда бір емес бірнеше рет қапы қалдырып кетті. Мысалы, Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен Азия чемпионатында Виктория мен Ольга алтын мен күмісті өзара бөлісті де, Дьютиге қола  ғана бұйырды.

Сондықтан жерлестеріміз спринтерлік жарыста басты бәсекелестерін қалай озу керектігін біледі деп ойлаймыз. 

Айта кетейік, Ашхабадтағы V жабық кешендегі Азия ойындарына жеңіл атлетиканың 13 түрі енгізілген. Спортшылар 26 медаль жиынтығын сарапқа салады. Сайыстар үш күнге созылады (18-20 қыркүйек).

Тізімге қайта оралу